Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ – министрлік
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру немесе оны елге әкелу деректері тіркелген жоқ, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрліктің мәліметінше, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қазіргі уақытта тұрақты және уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында.
Үндістанда тіркеліп жатқан Нипах вирусына байланысты сақтық шаралары күшейтілді. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.
Әсіресе Үндістаннан және Нипах вирусы тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін жолаушыларға ерекше назар аударылуда. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан елдердің тізімі тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.
Медициналық мекемелер ықтимал қауіп-қатерге дайындық режиміне көшірілді. Жедел медициналық көмек қызметтері мен инфекциялық стационарлардың бригадалары толық дайын, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің, жеке қорғаныс құралдарының және дезинфекциялау заттарының жеткілікті қоры қамтамасыз етілген.
Инфекцияның алдын алу мақсатында эндемиялық аймақтарға баруды жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын қатаң сақтау ұсынылады. Сонымен қатар, сапардан кейін ауру белгілері байқалған жағдайда, барған елін міндетті түрде көрсете отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Айта кетейік, Нипах вирусы — жануарлардан адамға жұғатын зооноздық инфекция. Ол көбіне жарқанаттар мен шошқалар арқылы, сондай-ақ науқас адаммен тығыз байланыс нәтижесінде таралуы мүмкін. Сонымен қатар, ластанған тағам мен сусындар да инфекция көзі болуы ықтимал.
Аурудың белгілеріне жоғары дене қызуы, бас ауруы, жалпы әлсіздік жатады. Ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесінің зақымдануы мен пневмония дамуы мүмкін. Қазіргі таңда Нипах вирусына қарсы арнайы ем немесе бекітілген вакцина жоқ, емдеу тек симптомдарды жеңілдетуге бағытталған.