Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындыларын таныстырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, есепті кезеңде азаматтардан түскен 16 726 өтініш қаралып, 1 723 жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау аясында 92 тексеру жүргізілген.
Нәтижесінде 2 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 1 100-ден астам ұйғарым берілді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 136 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Комитет төрағасы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалақы бойынша берешекті азайтуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Бұл көрсеткіш жыл басындағы 876 млн теңгеден 554 млн теңгеге дейін төмендеп, 36%-ға қысқарған.
«Мемлекеттік бақылау шеңберінде қабылданған шаралар нәтижесінде 17,5 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Комитет мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясын күшейткенін нық айтуға болады. Мысалы, былтыр осы кезеңде 11 мың азаматтың еңбек құқығы қорғалған», – деді спикер.





