Елімізде

Қазақстанда медициналық ұйымдарға тіркеу науқаны басталды

Азаматтарды медициналық ұйымдарға тіркеу науқаны 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін жүргізіледі

Қазақстанда 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін медициналық ұйымдарға тіркеу науқаны өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Осы кезеңде азаматтар өз поликлиникасын ауыстыра алады. Ең бастысы, бұл рәсім толықтай онлайн режимде жүзеге асырылады. Яғни eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы тіркеуден өтіп, учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік бар. Таңдалған дәрігерге сәйкес медициналық қызмет көрсету аумағы жүйеде автоматты түрде белгіленеді.

Науқан қорытындылары 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұрынғы ұйымнан тіркеуден шығару жаңа өтінім расталғаннан кейін автоматты түрде жүзеге асырылады.

Поликлиниканы науқаннан тыс уақытта да ауыстыруға болады. Бұл басқа елді мекенге қоныс аударған жағдайда, жұмыс немесе оқу орнын өзгерткенде, сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған немесе жабылған кезде мүмкін. Алайда мұндай жағдайда қызметті жылына бір рет қана пайдалануға болады.

eGov.kz порталында қызметті пайдалану үшін авторизациядан өтіп, «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Поликлиникаға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Қажетті деректерді толтырып, қол қою әдістерінің бірімен растау жеткілікті. Өтінімнің мәртебесін «Көрсетілген қызметтер тарихы» бөлімінен көруге болады. Ал eGov Mobile қосымшасында «eGov мемлекеттік қызметтері» – «Денсаулық сақтау» бөлімінен «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдау қажет. Өтінім растаудан өткеннен кейін оның мәртебесін «Қызметтер тарихы» бөлімінен бақылауға болады.

Статистикаға сүйенсек, бұл қызметке сұраныс жоғары. 2024 жылы 3,6 миллионнан астам өтінім қабылданған. Оның ішінде 2,9 миллионынан астамы портал арқылы, ал 722 мыңға жуығы мобильді қосымша арқылы рәсімделген. 2025 жылдың шілде айына дейін портал арқылы 1,1 миллионнан астам, ал қосымша арқылы тағы 1 миллионнан астам өтінім берілген. Әдеттегідей ең белсенді кезең – қыркүйек пен қазан айлары. Өткен жылы осы екі айда ғана 997 мыңнан астам өтінім тіркелген.

Айта кетейік, кәмелетке толмаған балаларды және 18 жастан асқан әрекетке қабілетсіз азаматтарды олардың қамқоршылары онлайн түрде тіркей алады.

Бұл қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы аясында іске асырылып отыр.