Бектенов шетелдік инвестициялар тарту мәселесі бойынша кеңес өткізді
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 13:55
- 57
Премьер-министр Олжас Бектенов Бас прокурор Берік Асыловтың, Үкімет басшылығы және министрлер мен өңір әкімдерінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» ҰИХ, «Kazakh Invest» ҰК, «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен жаңа инвестициялық циклді іске қосу және сапалы инвестициялар көлемін арттыру жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Инвестицияларды сүйемелдеудің жаңа экожүйесінің бірыңғай құрылымын жасау бойынша Үкімет, Бас прокуратура, ұлттық компаниялар және өзге де ұйымдар жүргізіп жатқан жұмыстар қаралды.
"Президент барлық мемлекеттік орган мен ұйымның алдына сапалы инвестициялар ағынын арттыру және қосылған құны жоғары серпінді жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету міндетін қойды. Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы өзектендірілді. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, өнімді еңбекті ынталандыру, инвесторлар құқықтарын қорғау, жүзеге асырудың барлық кезеңінде ел үшін маңызды жобаларды қолдау мақсатында бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік аппараттың инвестициялар тарту және жаңа жобалар портфелін қалыптастыру тәсілдері қайта қаралды. Атап айтқанда, инвесторларды нысаналы түрде тартуды күшейтуді, сондай-ақ алдын ала әзірленген және келісілген пакет түрінде «инвестицияға тапсырыс» қалыптастыруды көздейтін проактивті модельге көшу жүзеге асырылуда.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгені құрағанын баяндады. Биыл 31,5 трлн теңге деңгейінде негізгі капиталға инвестициялар бойынша нысаналы бағдар белгіленді, ал тікелей шетелдік инвестициялар ағыны – $25,5 млрд. 1,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 16 трлн теңгеге 475 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жүзеге асыру сатысында жалпыұлттық пулдың құны 74,5 трлн теңге болатын 1 047 жобасы тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,49 трлн теңгеге 273 жоба іске қосылды. Ал жалпы алғанда, Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес инвестициялар көлемін 3 есе ұлғайту қажет.
Шетелдік инвесторлар тарту ісін нығайту туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров баяндады. Ол инвесторларды нысаналы түрде тарту және инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру бойынша нақты жұмыс нәтижелерінен мысалдар келтірді. Олардың арасында CHN Corporation (Қарағанды облысындағы көмір-химия кешені, құны – $4 млрд), Roca Group (Қызылорда облысындағы жуынатын бөлмеге арналған сантехника мен жиһаз өндіретін зауыт, құны – $70 млн), Fufeng Group (Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдеу зауыты, құны – $800 млн), UBM Group (Қостанай және Алматы облыстарындағы құрама жем дайындау зауыттары, құны – $58 млн), Shandong Yuwang Industrial (сояны терең өңдеу жобасы, құны – $250 млн) компаниялары бар. Сондай-ақ халықаралық консультанттармен бірлесіп басым бағыттар бойынша инвестициялық ұсыныстар әзірленгені атап өтілді. «Kazakh Invest» ҰК-ның Германия, АҚШ, ҚХР, Қатар, Ресей, Түркия және Малайзия сияқты негізгі бағыттарда өкілдіктерін орналастыра отырып, шетелдік өкілдіктерді ашу жұмыстары күшейтілуде.
Сондай-ақ жиын барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау және жобаларды сүйемелдеудің құқықтық тетіктерін нығайту жөніндегі шаралар қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР БП-ның Заңсыз активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды, ал Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелді.
Премьер-министр бұл еліміздегі капиталдың құқықтық қорғалуын күшейтуге тиіс маңызды қадам екенін атап өтті. Үкімет осы жаңа институтпен өзара іс-қимылды толық қамтамасыз етуі керек.




