Бектенов су тасқынына дайындық бойынша бірқатар әкімдердің жұмысын сынға алды
Сондай-ақ жергілікті жерлердегі жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды
ТЖМ-нің өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысын тексеру нәтижелері бойынша Үкімет басшысына инженерлік жоспарларда көзделген бірқатар жұмыстардың орындалмағаны туралы баяндалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олжас Бектенов жергілікті жерлердегі жұмыс қарқынын сынға алып, олар тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан өңірлердегі инфрақұрылым мен гидротехникалық құрылыстарды дайындау бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Премьер-министр мұндай тәсілге жол беруге болмайтынын атап өтті. Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының әкімдеріне бір ай мерзімде жоспарланған шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Өңір әкімдері қысқа мерзімде су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша барлық кешенді шараларды қабылдауы тиіс. Ең алдымен, су бұру арналарының, арықтар мен дренаж жүйелерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет. Тасқын қаупі бар елді мекендер маңына топырақ бөгеттер тұрғызылып, үлкен судың келуінен қорғалуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын дайындауды тапсырды. Дәл осындай шараларды көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін жерлерде де қабылдау керек. Қыс мезгілінде, әсіресе ауылдық елді мекендерден қарды уақтылы шығаруды ұйымдастыру тапсырылды. Су тасқыны маусымына арнайы және инженерлік техника алдын ала жұмысқа сақадай сай тұруы тиіс. Сонымен қатар жергілікті бюджеттерде ықтимал төтенше жағдайларға қаражат қарастырып, қажетті ресурстарды дайындау маңызды.
Су ресурстары министрлігінің алдына су қоймаларын толтыру көлемін бақылауды қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда суды қауіпсіз ағызу жөнінде шаралар қабылдау міндеті қойылды. Көрші мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендерде қауіптердің туындауы туралы үнемі ақпарат алмасу ұйымдастырылады.
Төтенше жағдайлар министрлігіне «Көктем–2025» оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны жағдайының күрделенуі кезінде нақты іс-қимылдар алгоритмін пысықтау, оның ішінде жедел ден қоюға арналған күштер мен құралдар топтамасын айқындау тапсырылды. Премьер-министр ТЖ аймақтарына, оның ішінде теміржол және әуе көлігімен күштер мен құралдарды жеткізудің нақты тетігі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қорын дайындау, құлақтандыру жүйелерінің дайындығын тексеру, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін анықтау және тұрғындарды белгіленген орындар туралы алдын ала хабардар ету, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап апару үшін қауіпсіз учаскелерді қарастыру тапсырылды.
Олжас Бектенов төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның ішінде залалды өтеу кезінде ден қою мәселесіне жеке тоқталды. ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағыттағы мәселелерді шешу тетіктерін пысықтау қажет.
Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төнген және су басқан кездегі өзін-өзі ұстау, қауіпті аймақтардан қауіпсіз жерлерге көшіру ережелері туралы халықты уақтылы және сапалы хабардар ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті тапсырмалар берілді.