Биыл елімізде 53 аурухана мен перинаталдық орталық қайта жаңғыртудан өтеді
Бұл туралы ведомство алқасының отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі стационарлық буынның жұмысын қайта қарап, медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуға кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Негізгі мақсат – жоспарлы емдеуге жатқызуды күту мерзімін қысқарту және төсек қорының тиімділігін арттыру.
Жүргізілген талдау стационарлық жүйеде теңгерімсіздік бар екенін көрсетті: бүгінде ауруханалардағы әрбір алтыншы төсек бос тұр. Жалпы 99 мыңға жуық төсек орнының 14 мыңы (15%) пайдаланылмайды. Сонымен қатар 222,6 мыңнан астам пациент, яғни жоспарлы емделуге жатқызылғандардың 17 пайызы, 20 күннен аса кезегін күтуде.
Бірқатар өңірлерде бос орындар бола тұра, ревматология, гематология, кардиология, пульмонология, нефрология, неврология және эндокринология бағыттары жеткіліксіз. Бұл бейіндер соңғы жылдары төмен тарифтер мен өңірлік реттеудің әлсіздігі салдарынан қысқарған.
Осы теңгерімсіздікті жою мақсатында 34 облыстық көпбейінді аурухана мен 19 перинаталдық орталықты жаңарту басталды. 26 клиникалық хаттама қайта қаралып, бекітілді, ал жеті терапиялық бағыт бойынша тарифтер көтерілді. 2026 жылы тағы 28 хаттаманы жаңарту және әзірлеу жоспарланып отыр, оның ішінде 10-ы – жаңа құжаттар.
Республикалық деңгейде ревматология, нефрология, респираторлық медицина және гастроэнтерология бойынша мамандандырылған орталықтар ашылды. Облыстық ауруханаларда жалпы саны 113 төсекке арналған алты жаңа терапия бөлімшесі іске қосылды. Бұл шаралар жоспарлы емдеуге жатқызуды күту мерзімін қосымша бюджет шығындарынсыз 30 күннен 20 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Өңірлерде педиатриялық төсектер мен неонаталдық хирургия бөлімшелері ашылып, нәтижесінде балалардың өмір сүру көрсеткіші 86 пайызға дейін артқан. Қазіргі таңда 101 бейінді маман даярланып, тағы 300 медицина қызметкерін оқыту жоспарланған.
Жалпы жоба аясында 2 718 төсекке арналған 55 бейінді бөлімше ашу, 18 телемедицина орталығын, 73 құзыреттілік орталығын және 51 симуляциялық орталық құру көзделген. Сонымен қатар 230 маман даярлау жоспарланып отыр.
Госпитальдық фармация саласы да дамып келеді: бейінді бөлімшелер саны 138-ге дейін ұлғайды, ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 210-ға жеткізу жоспарланған. Жүйені енгізудің экономикалық тиімділігі екі жыл ішінде шамамен 1,5 млрд теңгені құрады.
Стационарлық буынды жаңғырту – денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі түрде жетілдіру және халыққа мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадам.