Биыл елімізде екі ірі теміржол жобасы мерзімінен бұрын аяқталмақ
Сонымен қатар, 11 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын дамыту жөнінде берген тапсырмаларының жүзеге асу барысы туралы баяндады. Ол теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың шақырым екенін атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тасымалдардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысын салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, 11 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар – «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» «Бақты – Аягөз» учаскелері және «Алматы айналма теміржолы». Биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталмақ. Олар «Достық – Мойынты» учаскесі және «Алматы айналма теміржолы». Келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолдары іске қосылмақ. Сонымен бірге, биылдан бастап 3 мың шақырымдық теміржол учаскелерінде кең ауқымды жаңғыртулар басталды.