Елімізде

Coca-Cola Içecek Kazakhstan Ақтөбеде зауыт салады

Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 41,9 млрд теңгені құрайды

ҚР АШМ мен Coca-Cola Içecek Kazakhstan Ақтөбеде зауыт салу туралы инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Құжатқа Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчельмен кездесуі қорытындысы бойынша қол қойылды.

Айдарбек Сапаров бұл жобаның іске асырылуы халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген жоғары сенімін және елдің тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға қызығушылығының артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы инвестициялар тарту және өңдеу салаларын дамыту мәселелеріне басымдық беріп келеді. Бүгінгі келісімге қол қою — бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың қисынды жалғасы әрі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Сонымен қатар жобаның Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың қатарына кіретін түрік және нидерландтық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылатынын ерекше атап өткім келеді», — деді министр.

Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 41,9 млрд теңгені құрайды, ал жаңа кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 млн литрге дейін алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік береді. Нысанның құрылысын ағымдағы жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр.

Жаңа өндірістік кешен Coca-Cola Içecek компаниясының Қазақстандағы төртінші зауыты болады және халықаралық тұрақты даму стандарттарына сәйкес қалдықтарды экологиялық тұрғыда басқару жүйелері мен энергия тиімді шешімдерді қоса алғанда, заманауи технологиялармен жабдықталады.

Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель келісімге қол қою компанияның Қазақстанға ұзақ мерзімді инвестициялар салуға деген берік ұстанымын растайтынын атап өтті.

«Ақтөбедегі жаңа зауыт өндіріс географиямызды кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады және өңірдің орнықты дамуына үлес қосады. Қазақстан біз үшін өсу әлеуеті жоғары стратегиялық нарық болып қала береді», — деді ол.

Кездесу соңында министр ҚР АШМ тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін және оны жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл аясында сүйемелдеу қамтамасыз етілетініне сенім білдірді.