Депутаттар рейтингтік қызмет туралы заң жобасын әзірлеуге кірісті
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:15
- 69
Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінде «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Отырысқа Палатаның вице-спикері Дания Еспаева қатысты, комитет төрайымы Татьяна Савельева жетекшілік етті.
Жиынға депутаттармен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық банктің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, салалық қауымдастықтардың басшылары, банктер мен микроқаржы омбудсмендері және сарапшылар қатысты.
Отырыста Дания Еспаева Қазақстанда қаржы нарығының барлық негізгі инфрақұрылымы қалыптасып, табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ қаржы нарығы инфрақұрылымындағы олқылықтардың бірі ұзақ уақыттан бері өзіміздің рейтингтік агенттіктеріміздің болмауы екенін айтты.
– Соңғы екі жылда біз қарыз алатын азаматтарымыздың құқығын қорғау, борыш жүктемесін азайту және несие алаяқтығына қарсы күресті күшейту бойынша ауқымды шаралар қабылдадық. Жақында ғана Мәжілісте банктер туралы жаңа заң қабылданды. Қаржы нарығын дамытуға бағытталған ендігі қадам – жергілікті рейтинг агенттіктерін құру. Нарықты сапалы, объективті, ең бастысы, қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін кредиттік рейтингтік агенттіктердің ішкі нарығын дамытуымыз қажет, – деді Дания Еспаева.
Татьяна Савельеваның айтуынша, «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы несиенің сын-қатерін бағалайтын ұлттық рейтинг агенттіктерін дамыту үшін құқықтық және институционалдық жағдай жасау мақсатымен әзірленген.
Заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева осы құжат арқылы ұлттық заңнама халықаралық стандарттармен үйлестірілетінін атап өтті. Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне танылған несиелік рейтинг агенттіктерін реттеу және қадағалау өкілеттігін беру, олардың есептілігін арттыру үшін құқықтық база құру жоспарланып отырғанын айтты.
– Заң жобасында реттеу субъектілерінің үш санаты қарастырылған. Бірінші санат – қазақстандық рейтинг агенттігі. Бұл құрылтайшыларының бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болатын жергілікті рейтинг агенттігі. Екінші санат – халықаралық рейтинг агенттігі. Бұл ЭЫДҰ-ға мүше бес немесе одан да көп елдің қаржылық реттеушілері таныған агенттік. Үшінші санат – шетелдік рейтинг агенттігі, яғни, өз елінде қаржы реттеушісі ретінде танылған агенттік. Ол біздің заңнаманың біліктілік өлшемшарттарына сай болуға тиіс, – деді Мария Хаджиева.
Жобада сондай-ақ қазақстандық рейтинг агенттігінің құрылымы мен капиталына қойылатын талаптар айқындалған. Нақты айтқанда, оның акцияларды иеленуіне шектеу енгізеді. Ұлттық банк пен оның еншілес компанияларын, сондай-ақ халықаралық және шетелдік рейтинг агенттіктерін қоспағанда, бұл ұйымдар акциялардың 10 пайызына немесе одан да көп бөлігіне иелік ете алмайды.
Мария Хаджиеваның айтуынша, заң жобасында рейтингтік қызметті ұйымдастыру рәсімдері, соның ішінде рейтинг беру процесі де нақтыланған. Сондай-ақ құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органның кредиттік рейтингтік агенттіктеріне қарсы қолдануы мүмкін мәжбүрлеу шаралары қарастырылған. Ішкі бақылау жүйесіне, сын-қатерлерді тізгіндеуге және жергілікті агенттіктерді басқаруға қойылатын талаптар да көрсетілген.
Мүдделер қақтығысының алдын алу үшін құжатқа кешенді шаралар енгізіледі. Соның ішінде коммерциялық қызмет (қызметтерді сату) пен талдамалық қызметті (рейтинг беру) нақты ұйымдастырушылық және құқықтық тұрғыда бөлу қарастырылады.
Таныстырылымнан кейін заң жобалары жан-жақты талқыланды. Депутат Еркін Әбіл «Қазақстандық агенттіктің рейтингтері нормативтік тұрғыдан ескеріле ме?» деген сұрақ қойды. Сондай-ақ ол жоғары білім беру жүйесінде университеттердің рейтингі мемлекеттік гранттарды бөлу үшін қолданылатынын атап өтіп, қаржы секторында да осындай тәжірибе бар-жоғын нақтылады.
Мария Хаджиева заңнама арқылы анықталған рейтингтер тек қаржы институттарына, әлеуметтік және экономикалық маңызды жобаларға қатысты қолданылатынын айтты. Сондай-ақ ол реттеуші орган жергілікті рейтинг агенттігі тағайындаған рейтинг шкаласын халықаралық шкаламен қатар танитынын айтты.
Өз кезегінде комитет төрайымы Татьяна Савельева компаниялар үшін ұлттық рейтингтер халықаралық рейтингтерге қосымша ретінде қарастырымай, олардан басым болуы керектігін атап өтті.
Талқылау барысында депутаттар осы саладағы реттеудің мақсаттары, Ұлттық банктің жергілікті рейтинг агенттіктеріне қатысу себептері және оның үлесінің мөлшері туралы сұрақтар қойды. Кейін банкротқа ұшырауы мүмкін компанияларға негізсіз оң рейтинг бергені үшін рейтинг агенттіктеріне жүктелетін жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Түскен ұсыныстар мен пікірлер заң жобалары бойынша алдағы жұмыс кезінде ескерілетін болады. Оларды талқылау Мәжілісте комитет төрайымы Татьяна Савельева төрағалық ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.






