Елімізде бұрын ақылы болған автожолдардың 14-і енді тегін болады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 16:18
- 169
Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп, техникалық ақаулар анықталған бірқатар ақылы автожол учаскелерінде жол жүру ақысы уақытша алынбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ведомствоның мәліметінше, ақылы 14 автожол бөлігінде жол жабынына қатысты кемшіліктер тіркелген. Аталған проблемалы аумақтардың жалпы көлемі шамамен 1,1 миллион шаршы метрді құрайды. Қабылданған шешім жолдардың сапасын нормативтік талаптарға сәйкестендіруге және жүргізушілер үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған байланысты, ақауы бар учаскелерде көлік қозғалысы үшін төлем алу уақытша тоқтатылды. Бұл шектеу 2026 жылғы 29 қаңтардан бастап күшіне еніп, жол қауіпсіздігіне әсер ететін барлық кемшіліктер толық жойылғанға дейін сақталады.
Жол жөндеу жұмыстары 2026 жылғы құрылыс маусымы аясында басталады. Олар технологиялық дайындық пен қолайлы ауа райына байланысты кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сонымен қатар министрлік ақылы автожолдардың жағдайы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Мониторинг пен тексерулер ақауларды дер кезінде анықтау және жою мақсатында жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Анықтама ретінде, төлем тәртібі уақытша өзгертілген ақылы автожол учаскелері:
Көкшетау – Петропавл
Павлодар – Семей – Қалбатау
Павлодар – Омск
Астана – Теміртау
Алматы – Қонаев
Қонаев – Талдықорған
Шымкент – Қызылорда
Орал – Самара
Орал – Саратов
Астана – Павлодар
Қызылорда – Арал
Ақтөбе – Орынбор
Қостанай – Троицк
Тараз – Қайнар






