Елімізде су ресурстарын басқарудың ұлттық цифрлық жүйесі іске қосылады
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 10:32
- 30
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 2026 жылдың екінші жартысында өнеркәсіптік пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының (АТО) 2025 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша отырыс өткізді.
Былтыр орталық бірқатар ірі жобаны іске асыру аясында кешенді жұмыс атқарды. Атап айтқанда, Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін әзірлеу, Балқаш көлін сақтау жөніндегі кешенді шаралар, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді гидрологиялық модельдеудің озық үлгілерін енгізу, суармалы суды жеткізу бойынша электронды шарттар жасауға арналған биллинг жүйесін әзірлеу, қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шаралар, ҚХР-мен бірлескен трансшекаралық бассейндерді зерттеу, сондай-ақ су ресурстары мәселелері бойынша талдамалық және әдістемелік материалдар әзірлеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін жетілдіру бойынша жоспарланған жұмыстардың шамамен 80%-ы орындалды, 8 негізгі модуль іске қосылып, мемлекеттік дерекқорлармен 11 интеграция орнатылды. Жүйені толық аяқтау және өнеркәсіптік пайдалануға беру осы жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Балқаш көлі бойынша Мастер-жоспар қалыптастыру мақсатында 1980-2025 жылдар аралығындағы бастапқы деректерді жинау, жүйелеу және талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Биыл жоба практикалық кезеңге өтеді: деректерді тексеру, далалық сапарлар, семинарлар, массивтерді жаңарту.
Гидрологиялық модельдеудің озық технологияларын бейімдеу бойынша жұмысты ҚР-дағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен АТО мамандары жүзеге асырып жатыр. Қазақстан аумағындағы су объектілерін толық гидрологиялық модельдеу 2027 жылдың соңына дейін аяқталады.
Суармалы суды ашық әрі әділ бөлу мақсатында пилоттық режимде жаңа биллинг жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жүйеде су пайдаланушылар мен «Қазсушар» РМК арасындағы өтінім беру, келісімшарт жасасу және су жеткізу қызметтері үшін есеп айырысу процестері цифрландырылған. Қазіргі таңда АТО мамандарынан құралған жұмыс топтары Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде.
2025 жылы АТО БҰҰ Даму бағдарламасымен, Францияның даму агенттігімен, Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамымен, POWERCHINA ZHONGNAN инженерлік-консалтингтік компаниясымен, Еуразиялық даму банкімен, ЮНИСЕФ-пен, «Еуразиялық топ» ЖШС-мен, Қазақстанның су қауымдастығымен және өзге де ұйымдармен келісімдер мен меморандумдарға қол қойды.
Былтыр желтоқсан айында орталықтың директорлар кеңесі 2026 жылға арналған жоспарларын бекітті. Бұл жоспарлар сегіз бассейндік жоспарды әзірлеуді, су пайдалануды болжау жүйесін құруды, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын айқындауды, экологиялық ағынды есептеуді, су кадастрын цифрландыруды, Орталық Азия су бассейндерін зерттеуді және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді қамтиды.
— Су саласын цифрландыру, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және жерүсті мен жерасты суы бойынша деректерді біріктіретін бірыңғай жүйе құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында Ақпараттық-талдау орталығының алдында бірқатар маңызды міндет тұр. Орталықтың алғашқы жұмыс жылы осы бастамаларды сапалы іске асырудың негізін қалады. Биыл барлық басталған жұмысты уақытылы аяқтауға, соның ішінде озық халықаралық тәжірибені енгізуге баса назар аудару қажет, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.





