Еліміздің ирригация саласын жаңғыртуға Еуразиялық даму банкі 5,3 млн доллар көлемінде грант бөледі
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Су ресурстары және ирригация министрлігі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы және Еуразиялық даму банкі «Қазақстандағы тұрақты ирригация үшін бизнес экожүйені дамыту» жобасы бойынша үшжақты келісімге қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаны іске асыруға ЕАДБ 5,3 млн доллар көлемінде грант бөледі.
Қаржылық келісімге Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа және ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов қол қойды.
Бұл жоба бірнеше жылға жоспарланған. Оның аясында Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін құру, су болжамы және тиімді бөлу құралдарын енгізу, заманауи ирригацияның өңірлік орталықтарын қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.