Елімізде

Енді қазақстандықтар зейнетақы қаржысын пластикалық ота жасатуға пайдалана алмайды

Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ мәлімдеді

12 желтоқсаннан бастап БЖЗҚ жинақтарын пластикалық және қалпына келтіру оталары үшін пайдалану мақсатында өтінім қабылдау ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

"Отбасы банк" мәліметінше, бұған дейін enpf-otbasy.kz порталында стоматологиялық және көз ауруларын емдеу (офтальмология) қызметтеріне БЖЗҚ қаражатын бағыттау мүмкіндігі шектелген соң, азаматтар жаңа рұқсат етілген бағытты көптеп таңдай бастаған.

Бұл бағыт — реконструктивті және қалпына келтіру сипатындағы операциялар. Соңғы күндері әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды жою және туа біткен ақауларды түзету секілді қызметтерге сұраныс күрт өскен.

«Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық оталарға БЗҚ пайдалану бойынша 2093 өтініш түсті. Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп», – делінген хабарламада.