Елімізде

Енді сарбаз қызмет барысында кемінде 5 кітап оқуы тиіс

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа талап енгізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Енді мерзімді қызмет кезеңінде әрбір әскери қызметші кемінде бес кітап оқуға міндетті.

Бұл бастама жеке құрамның дамуына және 23 сәуірде елімізде атап өтілетін Кітап күні қарсаңында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Мереке халықаралық дәстүрге негізделген. Ол ЮНЕСКО-ның бастамасымен бекітіліп, бүкіл әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл күн ел Президентінің тапсырмасымен енгізіліп, алғаш рет 2025 жылы оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық дата ретінде атап өтілді.

Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар.

Тек биылғы жылдың басынан бері әскери қызметшілер қолына 48 837 кітап берілді. Бұл жеке құрам арасында кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықтың бар екенін және кітапхана қорына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Кітапхана қоры үнемі толықтырылып отырады. Кітаптар демеушілік көмек, баспалармен ынтымақтастық, сондай-ақ қайырымдылық акциялары аясында келіп түседі. Бұл шараларға әскери қызметшілердің өздері де белсенді қатысады – олардың көпшілігі жеке жинақтарындағы кітаптарды әкеліп, бөлім кітапханаларының қорына тапсырады.

Міндетті оқу нормасын енгізу - жай сөз емес, тәрбиелік әрі білім беру жұмысының бір бөлігі. Кітап оқу көкжиекті кеңейтеді, сыни ойлауды дамытады және берік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазіргі қызмет жағдайында кітап өзін-өзі дамытуға сенімді құрал болып қала береді, ал оған деген қызығушылық әскери қызметшінің кәсіби және тұлғалық өсуінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.