Елімізде

Ет өнімдерінің экспортына тыйым салуды тоқтату қажет – Темір Қырықбаев

Қазақстанда ірі қара мал еті экспортына қойылған тыйым ауыл шаруашылығы саласында үлкен алаңдаушылық тудыруда.

Мәжіліс депутаты Темір Базарбайұлы Қырықбаев осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа және Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Депутаттың айтуынша, шектеу енгізілгеннен кейін оның атына фермерлерден, қайта өңдеушілерден және салалық бірлестіктерден көптеген шағым келіп түскен. Әсіресе Түркістан облысында экспортқа рұқсат тек бір компанияға ғана берілгені бизнес өкілдерінің наразылығын күшейткен.

Қазір бұл компания тәулігіне небәрі 150–200 бас бұқа экспорттап отыр. Ал тыйымға дейін өңірден Өзбекстанға күн сайын 1000 бас ірі қара жөнелтілетін.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың соңына дейін ірі қара етін экспорттауға 13 000 тонна көлемінде квота енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірлеген. Ал Қырықбаев бұл бастаманы экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санайды.

Қырықбаевтың айтуынша, ет экспортын шектеу емес, қайта өңдеу үлесін арттырып, қосымша өнімдерді тиімді пайдалану қажет. АҚШ, Канада, Австралия секілді дамыған елдерде еттің өз бағасы өндіріс құнының 45–50% ғана, ал қалған бөлігін қосымша өнім экспорты құрайды.