«Иелері жем-шөп дайындамаған». Ақмола облысының бір ауылында мыңнан аса жылқы қырылған (ФОТО)
Оқиғаға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайыржан Байжанов, Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов Ақмола облысына барды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Ақмола облысында жылқылар қырылып жатқандығы» туралы ақпарат тараған болатын. Ал, енді Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, Мамай ауылында күн суытып, жайылым жерлер қатып қалған соң, жылқылардың тебіндеуі қиындап, жас және кәрі малдар қырылған.
Қарабұлақ (Степногорск ауданы) ауылында 4 276 бас жылқы есепте тұр. Мұнда да жағдай өзге аудандардағыдай. Жалпы Степнагорск ауданында - 14 375 бас жылқы малы бар. Қыстың басынан бүгінгі күнге дейін Степногорск өңірі бойынша 42 бас жылқы шығынға ұшыраған.
Енді жылқы малының қырылуын тоқтату үшін мына шаралар қабылданғаны белгілі болып отыр:
- Жеке қосалқы шаруашылықтардағы 73,5 мың бас жылқы қораға байланған;
- Күндізгі жайылымға тебіндеуге 71,8 мың бас жылқы жіберіледі (түнгі уақытта тиісті азықтандыруы бар қораларға айдалады);
- Облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Жедел штаб жұмыс істейді;
- Жергілікті жерлерде мал басын жеммен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады;
- Жайылымдық жерлерлерді қамтамасыз ету үшін қар жамылғысының үстіңгі қабатын қопсыту және жою бойынша іс-шаралар жүргізіледі.
Жалпы, Ақмола облысы ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі уақытқа дейін 117 бас жылқының өлімі тіркелген, оның ішінде тек 27 бас жылқы ғана жергілікті жерлердегі ветеринариялық есептікке алынған. Қалған жылқылар нақты тіркеуде жоқ олардың иелері де белгісіз.