«Көлікпен алып кеткен»: Ақтауда мүгедектігі бар жігітті зорлағандар бойынша тергеу жалғасып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 12 ақпан, 2025
- 233

Адвокат Ақтауда 18 жастағы мүгедектігі бар жігітке жасалған зорлық-зомбылық дерегі туралы желіде жазба жариялады , - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ажар Әбділ жазбасында әрекетке қабілетсіз жігіттің 2024 жылғы 27 желтоқсанда ұрланып, зорланғанын айтқан.
"Әлі күнге дейін қажетті сараптамалар тағайындалмаған. Қала орталығынан ақ түсті джиптің қорғансыз адамды алып кеткені анық көрінетін бейнебақылау жазбалары алынбаған, бұл көліктің қозғалыс бағытын қадағалау қиындық туғызбайды. Жазбалар екі ай сақталады, бұл – факт. Оқиға хронологиясын қалпына келтіру қиын көрінбейді. Өйткені жәбірленушіні тура қала орталығынан көлікпен алып кеткен... Бірақ сонша камера бола тұра, күдікті әлі анықталмағаны таңғалдырады", – деп жазды адвокат.
Маңғыстау облысының Полиция департаменті бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды. Тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады ведомство.