сенбі, 23 қараша, 2024 0:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Кітапқұмар Қазақстан» жобасын қолға алу ұсынылды

«Кітапқұмар Қазақстан» жобасын қолға алу ұсынылды
ашық дереккөзі
«Кітапқұмар Қазақстан» жобасын қолға алу ұсынылды

Мәдениет және спорт мәселесі жөніндегі қоғамдық кеңестің онлайн форматтағы отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова «Кітапқұмар Қазақстан» жобасы бойынша баяндама жасады.

Бақытжамал Қайырбекқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмалары негізінде Ұлттық кітапхана республика кітапханаларымен бірлесіп жасаған 2021-2024 жылдарға арналған «Кітапқұмар Қазақстан» жобасын жүзеге асыратынын жеткізді. Жоба ел руханиятын байыту мақсатында кітап оқуды барынша терең және белсенді дәріптеуге, рухани және интеллектуалды серпіліс құралы ретінде халықты кітап оқуға ынталандыруға бағытталған. Тұрақты кітап оқу тек білім алу мен даму үшін ғана емес, жеке адам, ұйым және мемлекет деңгейінде құзыретті шешімдерді қабылдау үшін қажет.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауда «жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн» деп атап өткеніндей, Бағдарламаны іске асыру еліміздің жоғары білімді, зияткерлік-рухани буын қалыптастыруғ серпін береді. Өйткені, оқу қазіргі замандағы адамның санасын, дүниетанымын, білім және кәсіби мамандық алуының негізін қалайды. Жобаны жүзеге асыру үшін Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму, Қаржы, Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе жұмыс істеуін, қатысуын қажет етеді. Ұлттық кітапхана жобаның іс-шаралар жоспарын дайындады. Бағдарлама аясында кітап баспасы мен оқырмандарды ынталандыратын нормативті акттер дайындалып, барлық қоғамдық орын мен сауда орталығында кітап сататын автомат (вендинг) орнатылып, Book Crossing (тегін кітап алмасу орны) жүйесі енгізіледі. Әлем және қазақ классиктерінің шығармалары желісінде мультимедиа баспалары, педагогика, психология, социология бойынша әдістемелер дайындалады. Балалар кітап жинағы кеңейтіледі, жалпы ұлттық балалар кітап орталығы құрылады, кітап оқу бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, кітап пен кітап оқу жайлы түрлі телеарна мен әлеуметтік желіге арналған бағдарлама түсіріледі және осы бағытта көптеген жоба қарастырып отырмыз, - деп жұмыс жоспарымен бөлісті.

Сонымен қатар Бақытжамал Оспанова Қазақстанның кітапхана ісі саласын қайта құру жөнінде ұсыныстарын айтты.

Біріншіден, мәдениет ұйымдары арқылы Қазақстандағы білім беру саясатының және балалардың жан-жақты дамуының басымдық бағыты ретінде мектеп оқушыларының қосымша білім беру жүйесін жасау және енгізу; Екіншіден, ЮНЕСКО-ның «Жалпыға ортақ ақпарат» стратегиялық іс-әрекет жоспарына сәйкес, ақпаратқа, білім мен әдебиетке қолжетімділікті кеңейту үшін қала мен ауылдың арасындағы теңсіздікті жою және адал қоғамды құру мақсатында мобильді кітапхана кешенін (библиобусты) енгізу тұжырымдамасын қабылдау. Үшіншіден, осы сәтті пайдаланып, кітапханашылар қауымдастығы атынан тағы бір ұсынысымды жеткізгім келеді. Елімізде 20 мыңнан аса кітапханашы маман қызмет етеді. Қоғамда білім мен ғылымның қазынасын жинақтап, ұрпақтан ұрпаққа насихаттауда еңбек етіп келе жатқан кітапханашылар қауымы үшін 22 қазанды – Кітапханашылар күні деп бекітуіңізді сұраймыз, - деді ол.

Ақтоты Райымқұлова баяндамадан соң бірінші ұсыныс бойынша мәдениет ұйымдары арқылы мектеп оқушыларына қосымша білім беру жүйесін әзірлеп, осы бағытты белсенді жұмыс істеуді тапсырды. Министр Ұлттық кітапхана директорының екінші ұсынысына қатысты, яғни мобильді кітапхана кешенін (библиобусты) енгізу тұжырымдамасын қабылдау мәселесін пысықтау қажетін айтты.

Ал халықаралық тәжірибеге сәйкес кітапханашылардың мәртебесін айқындау мақсатында 22 қазанды – Кітапханашылар күні ретінде бекіту бойынша тиісті жұмыс жүргізуді Министрліктің салалық департаментіне тапсырды.

baq.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар