Ломбардтағы қарыз ипотека алуға тосқауыл бола ала ма?
Дегенмен, ол қаржы ұйымының соңғы шешіміне ықпал етуі мүмкін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, ломбардтағы қарыздың болуы азаматтың кредит немесе ипотека алуына тікелей кедергі келтірмейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дегенмен, ол қаржы ұйымының соңғы шешіміне ықпал етуі мүмкін.
Несие өтінімін қарастыру барысында банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттің жалпы қаржылық жағдайына, табысына және қарызды өтеу мүмкіндігіне назар аударады. Бұл ретте несие тарихы мен борыштық жүктеменің деңгейі негізгі факторлардың бірі болып саналады.
Егер ломбард алдында мерзімі өткен берешек болса, бұл несие мақұлдану ықтималдығын төмендетеді. Себебі мұндай қарыздар да басқа кредиттер мен микрокредиттер сияқты жалпы борыш көлеміне қосылып есептеледі.
Сонымен қатар, ломбард ұйымдары берілген қарыздар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жолдауға міндетті.
Ережеге сәйкес, қарыз алушы микрокредитті уақытында жаппаған жағдайда, ломбард кепілдегі мүлікті кемінде 30 күн сақтауы тиіс. Осы уақыт ішінде азамат берешегін өтеп, өз затын қайтарып ала алады. Ал бұл мерзім өткен соң, ломбард кепілді сатуға немесе оны өз атына рәсімдеуге құқылы. Осыдан кейін кепіл шарты мен микрокредит келісімі өз күшін жояды.