Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 13:57
- 75
Қазақстан Ұлттық банкі Ақша-несие саясаты комитетінің отырысында базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Мөлшерлеме дәлізі бұрынғыдай ±1 пайыздық тармақ шегінде сақталады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың нәтижесінде жылдық инфляция 12,3%-ды құрады, бұл алдын ала жасалған 12–13% аралығындағы болжамға сәйкес келеді. Бағаның өсуіне ең көп әсер еткен фактор – азық-түлік тауарлары. Аталған санаттағы инфляция 13,5%-ға жеткен. Әсіресе ет пен сары майдың қымбаттауы өндірістік шығындардың ұлғаюымен және экспорттың жоғары болуымен байланыстырылады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%-ға, ал ақылы қызметтер 12%-ға қымбаттаған.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, баға өсімі ішкі сұраныстың экономиканың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсуі аясында жалғасып отыр. Бұған қоса, тарифтерді жаңарту саясаты мен жанармай нарығындағы ырықтандыру шаралары инфляция мен халықтың бағаға қатысты күтулеріне қосымша қысым түсіруде. Бір жылға арналған инфляциялық күтулер 14,7%-ға дейін көтерілсе, қаржы нарығы сарапшылары 2026 жылға инфляция 10,8% болады деп болжауда.
Сонымен бірге 2026 жылдың алғашқы тоқсаны аяқталғанға дейін коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру барлық тұтынушылар үшін уақытша тоқтатылды. Ал 2025 жылғы 16 қазаннан бастап енгізілген АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасының өсуіне қойылған шектеу 1 сәуірден кейін алынып тасталмақ.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешімі 6 наурыз күні жария етіледі.






