Елімізде

Ұлттық ұланның инфрақұрылымы жаңғыруда

Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі мәлімдеді.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтөбе, Орал және Атырау қалаларындағы әскери бөлімдерге жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сапар барысында әскери инфрақұрылымды дамыту мен салынып жатқан нысандардың жай-күйіне ерекше назар аударылды.

Бас қолбасшы Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде болып, құрылысы аяқталуға жақын мәдениет орталығының жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда нысанда соңғы әрлеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар генерал-майор жаңа техникалық қызмет көрсету және жөндеу пункті нысанының құрылыс жоспарын қарап, оның бөлімнің техникалық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде Бас қолбасшы 300 орындық жаңа казарманың құрылыс барысын тексерді. Қазіргі таңда ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды биыл желтоқсан айында қолданысқа беру жоспарланған. 

Сондай-ақ Аңсаған Балтабеков Атырау қаласындағы 5546 әскери бөліміне де атбасын бұрды. Мұнда да казармалар мен асхана және жауынгерлердің киім-кешегі басты назарда болды. 

Жалпы сапар барысында барлық әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршілігіне ерекше көңіл бөлінді. Бас қолбасшы жеке құрамның жауынгерлік-қызметтік әрекетімен танысып, бөлімдердің дайындық деңгейін бағалады.

Сондай-ақ әскери бөлімдердің асханалары тексеріліп, басшылық құрамға сарбаздардың тамақтану сапасын қатаң бақылауда ұстау жүктелді.

Еске салсақ, бұған дейін Бас қолбасшы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына да арнайы барып, бірқатар нысанның құрылысын тексерген болатын.

Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ сарбаздар мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.