Ұлттық нейрохирургия орталығында бірегей гибридті операциялық бөлме салынуда
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 08:57
- 56
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына барып, елімізде нейрохирургия саласы үшін алғаш рет салынып жатқан гибридті операциялық бөлмені құру жобасының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаны іске асыру кезеңдері, жаңа нысанның технологиялық параметрлері мен мүмкіндіктері туралы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Серік Қуандықұлы Ақшолақов баяндады.
«Гибридті нейрохирургиялық операциялық бөлмені құру — Қазақстанда заманауи нейрохирургияны дамытудың маңызды қадамы. Бұл жоба бір операциялық кеңістікте микрохирургия мен эндоваскулярлық хирургияның мүмкіндіктерін біріктіруге, асқыну қаупін азайтуға және ми қан тамырлары мен ісік патологияларының ең күрделі түрлерімен ауыратын пациенттерді емдеу нәтижелерін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді», — деді ол.
Жобаның шеңберінде ми қан тамырлары аурулары, ісіктер, қан құйылулар, функционалдық бұзылыстар және өзге де күрделі патологиялар кезінде қолданылатын жоғары технологиялы нейрохирургиялық араласулардың кең спектрін орындау жоспарлануда.
Гибридті операциялық бөлмелерді енгізу күрделі нейрохирургиялық араласуларға қолжетімділікті арттырып, кезектілікті азайтуға сөзсіз ықпал етеді.
Мұндай хирургия форматы пациентті ауыстырмай және наркоз уақытын ұзартпай, бірнеше күрделі операцияны бір мезетте орындауға мүмкіндік береді, бұл араласудың дәлдігі мен қауіпсіздігін арттырады.
Аталған операциялық бөлмені іске қосу отандық нейрохирургияны жаңа деңгейге көтереді. Ол елімізде бұрын қолжетімсіз болған араласуларды жүргізуге жол ашып, көп кезеңді операциялардың санын қысқартады әрі ми қан тамырларының күрделі ауруларын емдеу кезінде асқыну қаупін төмендетеді.
Гибридті нейрохирургиялық операциялық бөлмені пайдалануға беру 2026 жылдың жазына жоспарланып отыр.
Орталықта болу барысында министр пациенттермен әңгімелесіп, емдеу сапасы мен емдеуге жатқызу жағдайлары туралы сұрастырды.
Пациенттер дәрігерлер мен мейіргерлердің жоғары біліктілігіне жылы пікір білдіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде ем қабылдап жатқанын, емдеуге жатқызу үдерісі еш қиындықсыз ұйымдастырылғанын жеткізді.





