Мәжілісте денсаулық сақтау туралы заң жобасы таныстырылды: не өзгереді
- авторБақытжан Бекболат
- 22 қазан, 2025
- 414
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде денсаулық сақтау саласын реттеуге бағытталған жаңа заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құжаттағы түзетулерді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев таныстырды.
Оның айтуынша, заң жобасында бірқатар жаңа бағыттар қамтылған. Атап айтқанда, жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, медициналық кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдерін енгізу, биомедициналық зерттеулердің ақпараттық жүйесін құру және медициналық туризмді дамыту көзделген. Сондай-ақ уәкілетті органдардың жауапкершілігі нақты белгіленген.
Бұл шаралар пациенттердің қауіпсіздігін арттырып, саланы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін күшейтуді мақсат етеді.
– Денсаулық сақтау министрлігі биомедициналық зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды, медициналық туризмді дамытуға және электрондық денсаулық сақтау платформасын реттеуге жауапты болады. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттік шекараларда санитариялық-карантиндік бақылау ережелерін бекітеді. Медициналық бұйымдар айналысы саласындағы орган өндірісті халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін инспекциялайды, – деді бірінші вице-министр.
Заң жобасында пациенттің электронды келісімін енгізу, медициналық бейнелерді сақтау және алмасудың ұлттық жүйесін қалыптастыру, дәріхана, зертхана және радиология салаларын автоматтандыру, сондай-ақ жасанды интеллектіні медициналық диагностикалауда пайдалану мәселелері заңнамалық тұрғыда бекітіледі.
Сонымен қатар құжатта Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ету үшін өнімнің жобалануынан бастап өндірілуі, сынақтан өтуі, елге әкелінуі мен әкетілуі және қажет болған жағдайда айналымнан алынуы секілді барлық кезеңдер реттеледі.
Жас дәрігерлерді тәжірибеге бағытталған жаңа үлгімен даярлау да қарастырылған. Интернатура кезеңінде мамандар тәлімгерлердің жетекшілігімен практикалық дағдыларды меңгереді.
Депутаттар заң жобасын талқылау барысында дәрігерлердің қызмет сапасын бағалау, телемедициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, науқастардың жеке деректерін қорғау және фармацевтикалық бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар айтты.
Барлық ұсыныстар депутат Нартай Сәрсенғалиев жетекшілік ететін жұмыс тобының қарауына жіберілетін болды.






