Мәжілісте ветеринария мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымы өтті
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Комитет төрағасы Серік Егізбаев жүргізген алқалы жиынға Ауыл шаруашылығы, Әділет, Қаржы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Экология және табиғи ресурстар, Сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Республикалық ветеринариялық және тамақ қауіпсіздігі қауымдастығы» бірлестігінің, Парламентаризм институтының, Аграрлық мәселелер, экология және жасыл технологияларды дамыту орталығының, Ғылыми және ғылыми-зерттеу ұйымдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Өңірлердегі мәслихаттардың депутаттары бейнебайланыс арқылы қосылды.
Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, заң жобасы авторларының бірі Нұржан Әшімбетов баяндама жасап, құжаттың негізгі ережелерін таныстырды. Депутат ветеринария саласының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық рөліне назар аударды.
Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, заң жобасы арқылы мемлекеттік басқару деңгейлері арасында ветеринария саласындағы өкілеттіктерді ажырату, жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринариялық ұйымдардан, оларға тән емес функцияларды алып тастау, ветеринария мамандарының дәрежесін көтеру, әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Соның ішінде облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың жергiлiктi атқарушы органдарына мал қорымдарын – биотермиялық шұңқырлар, мал сою пункттерін салу, ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция органын құру сынды шаралар қолға алынады.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин өкілетті органның атынан баяндама жасап, аталған заң жобасы ветеринария саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге және ұзақ мерзімді кезеңде ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталғанына тоқталды. Атап айтқанда, ветеринариялық дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, жалақыны арттыру, отандық вакцина өндірушілер үшін GMP стандарттарын енгізу, сондай-ақ сауда нысандарындағы мемлекеттік бақылауды күшейту қарастырылған.
Вице-министрдің айтуынша, қамтылған өзгерістер Еуропалық Одақ елдеріне мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін маңызды.
Аманғали Бердалин тиісті түзетулер бойынша Үкімет пен Республикалық бюджет комиссиясы тарапынан оң қорытындылар берілгеніне назар аударды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары ұсынған түзетулердің екінші пакеті қазіргі таңда Үкіметтің қарауында екені айтылды.
Отырыс барысында депутаттар мен қатысушылар агроөнеркәсіп кешені мен фармацевтика секторына қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Атап айтқанда, құс фабрикалары өнімдерінің бағасын төмендету шаралары, фармацевтикалық инспекцияның жеке органын құру мүмкіндігі, сондай-ақ GMP стандарты сертификатын алуға байланысты қиындықтар талқыланды.
Бұдан бөлек, ветеринариялық препараттарды өндірушілер үшін қосылған құн салығы деңгейінің жоғарылығы және дәрілік заттардың мәлімделген фармацевтикалық қызметке сәйкес келмеу жағдайлары сөз болды.
Осы заң жобасы бойынша келіп түскен барлық ұсыныс депутат Қазыбек Әлішев жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында қаралады.