Мал шаруашылығы бойынша шамамен 70 млрд теңге шетелге кетеді – Сенат депутаттары
- авторjambylinfo.kz
- 30 сәуір, 2024
- 525
Әли Бектаев бастаған Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке мал шаруашылығында қордаланып қалған мәселелер мен малды асылдандыру туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Депутаттардың сөзінше, Мемлекет басшысының алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе арттыру туралы тапсырмасын іске асыру үшін мультипликативті серпіліс беретін салалардың бірі – мал асылдандыру саласы.
«Малды асылдандыру бойынша тәуелсіздік жылдары біраз жұмыстар атқарылды. Европаның дамыған елдерінен, Австралия, Канададан көптеген асыл тұқымды малдар әкелінді. Тек 2010-2023 жылдардың өзінде алыс-жақын шет мемлекеттерден 212 мың бас мал импортталды. Асыл тұқымды малдың үлесі 2010 жылғы 2,9%-дан, былтырғы жылы 13,5% дейін өсті. Бірақ, бұл салада көрсеткіштер көңілден шықпайды», - делінген депутаттық сауалда.
Олардың сөзінше, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 35,8 мың шаруашылық жұмыстарының нәтижесі төмен. Асыл тұқымды мал шаруашылығы палатасының жұмысы да жұмбақ.
«Біз өзіміздегі малды асылдандырудың орнына шеттен мал әкеліп, тұқымдық материалдарды импорттауға құмармыз. Қазіргі уақытта инвестициялық жобалар шеңберінде 50 мыңнан астам ірі қараны импорттау жоспарлануда. Бұдан басқа, 160 мың бас сиырға арналған 500 мың дозадан астам тұқымдық материал сатып алынбақ. Яғни, тек қара мал шаруашылығы бойынша шамамен 70 млрд. теңге қаражат шетелге кетеді деген сөз», - дейді Сенат депутаттары.
Олардың сөзінше, ауылшаруашылығы министрлігі құрамында асыл тұқымды, өнімділігі жоғары мал ұрығын өндірумен айналысатын, «Асыл Түлік» квазимемлекеттік кәсіпорыны бар. Өкінішке орай, ол ұжымның да жұмысы дұрыс бағытқа қойылмай келеді, шығарған өнімдерін шаруашылықтар алмайды.
«Қазақстанда 10 жыл бұрын селекциялық және мал асылдандыру жұмыстарының бірегей ақпараттық-сараптама базасы жасалған болатын. Осы платформада малды тіркеуге алғаннан бастап, оларға асыл тұқымды құндылық мәртебесін бергенге дейінгі жұмыстар цифрландырылуы керек еді. Дамыған елдерде ақпараттық жүйелер аналитикалық база ретінде жұмыс істейді және саланы дамытудың триггері болып табылады, ал бізде олар тек субсидияландыру мақсатында малды тіркеу үшін ғана қызмет жасайды», - делінген депутаттық сауалда.
Жыл сайын осы бағдарлама 500,0 млн теңгедей табыс тапқанымен мал асылдандыруды жіті қадағалайтын қарапайым базалық функционалды іске асыра алмай отыр.
«Егер халықаралық стандарттар бойынша «BLUP» (БЛЮП) әдісі арқылы малдың асыл тұқымдық құндылығын есептеу жүзеге аспаса, оған биоинформатика мен зертханалық ізденістердің нәтижелері пайдаланылмаса, малдың генетикалық қасиеттерін бағалаудың өміршең әдістері қалай жүзеге асады? Әсіресе, Қазақстанда ауылшаруашылық малдары биоалуантүрлілігінің азаюы ерекше алаңдаушылық туғызады, өйткені мал саласындағы генетикалық ресурстар Ұлттық игіліктің және әлемнің биологиялық капиталының құрамдас бөлігі», - дейді Сенат депутаттары.
Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанда қой шаруашылығындағы «қазақтың солтүстік мериносы», құс шаруашылығындағы «арман», «медеу», «алатау» тұқымдары біржола жойылып кетті. Жартылай биязы жүнді қойлардың «цигай», «ақжайық», «қаракөл», «қазақтың оңтүстік мериносы» тұқымдары мен ірі қара малының «Алатау» «Әулиеата» тұқымдары, «Қостанай» жылқы тұқымы жойылу алдында тұр. Осыларды ескере отырып, Сенат депутаттары отандық мал тұқымдарын дамытудың жол картасын әзірлеуді, ақпараттық база жұмысына талдау жасауды, автоматтандыру жүйелерін жетілдіруді, арнайы нұсқаулықтар әзірлеп, жойылып кету қаупі төнген тұқымдар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды жүзеге асыра отырып, оларды сақтап қалу үшін шаралар қарастыру қажет дейді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту негізгі проблемаларды бірі екенін айтқан еді.
«Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», - деген еді Президент.
Оның сөзінше, шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. «Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы», - деді Тоқаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз