Елімізде

Мал шаруашылығы бойынша шамамен 70 млрд теңге шетелге кетеді – Сенат депутаттары

Депутаттар мал асылдандыру саласының ақсап тұрғанын айтады

Әли Бектаев бастаған Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке мал шаруашылығында қордаланып қалған мәселелер мен малды асылдандыру туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Депутаттардың сөзінше, Мемлекет басшысының алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе арттыру туралы тапсырмасын іске асыру үшін мультипликативті серпіліс беретін салалардың бірі – мал асылдандыру саласы. 

Олардың сөзінше, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 35,8 мың шаруашылық жұмыстарының нәтижесі төмен. Асыл тұқымды мал шаруашылығы палатасының жұмысы да жұмбақ. 

Олардың сөзінше, ауылшаруашылығы министрлігі құрамында асыл тұқымды, өнімділігі жоғары мал ұрығын өндірумен айналысатын, «Асыл Түлік» квазимемлекеттік кәсіпорыны бар. Өкінішке орай, ол ұжымның да жұмысы дұрыс бағытқа қойылмай келеді, шығарған өнімдерін шаруашылықтар алмайды.

Жыл сайын осы бағдарлама 500,0 млн теңгедей табыс тапқанымен мал асылдандыруды жіті қадағалайтын қарапайым базалық функционалды іске асыра алмай отыр. 

Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанда қой шаруашылығындағы «қазақтың солтүстік мериносы», құс шаруашылығындағы «арман», «медеу», «алатау» тұқымдары біржола жойылып кетті. Жартылай биязы жүнді қойлардың «цигай», «ақжайық», «қаракөл», «қазақтың оңтүстік мериносы» тұқымдары мен ірі қара малының «Алатау» «Әулиеата» тұқымдары, «Қостанай» жылқы тұқымы жойылу алдында тұр. Осыларды ескере отырып, Сенат депутаттары отандық мал тұқымдарын дамытудың жол картасын әзірлеуді, ақпараттық база жұмысына талдау жасауды, автоматтандыру жүйелерін жетілдіруді, арнайы нұсқаулықтар әзірлеп, жойылып кету қаупі төнген тұқымдар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды жүзеге асыра отырып, оларды сақтап қалу үшін шаралар қарастыру қажет дейді. 

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту негізгі проблемаларды бірі екенін айтқан еді. 

Оның сөзінше, шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. «Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы», - деді Тоқаев.