Елімізде

«Менің де, әйелімнің де оған уақыты жоқ». Анасы өлген соң әкесін қарттар үйіне өткізген Тараз азаматының әңгімесі

Қараусыз қалған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға пана болған мекемеде қызмет алушылардың 84-і ер, 46-сы әйел адам, деп жазады jambylinfo.kz.

Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығын бүгінгі таңда 130 адам мекен етуде. Мұнда тағдыр тәлкегіне ұшырағандар, түрлі жағдайда осы орталықтың қызметіне жүгінеді. Жартысынан көбінің ұл-қызы бар. Тек қарттық жеңіп, әл-қуаты кеміген ата-анасын аялауға біріне уақыт, енді біріне мейірім жетпегенін айтып мұңайды. Оның үстіне мұндағы қариялардың балаларының түсінігі бойынша, «қартайған әке-шешені арнайы орталыққа беру» ұят емес екен. Қайта мұнда өзі сияқты замандастарымен бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, іштері пыспайтын көрінеді.

Ал алматылық Зәбира әжейде бәрі басқаша. Жолдасы 2001 жылы қан қызуы көтеріліп, қайтыс болған. Ал осыдан бір жарым жыл бұрын  оқыс оқиғадан жалғыз ұлынан айырылған ана тұрлаусыз дүниенің азабын тартып, жатып қалады. Келіні де бүйрек ауруына шалдығып, отаға түседі. Төрт немересі үшін аяққа тұруға талпынған әжей, өз өзіне келудің амалын іздейді. Алайда үйдегі әрбір зат, әрбір дүние жалғыз ұлын есіне түсіре береді. Бірде ішкі қайғы мұңнан арылудың амалын ойлаған әже өзі емделіп жүрген медбикеге «Мен Қарттар үйіне барып, өз-өзіме келгенше сол жақта болайын» деп өтініш білдіріп, осы орталыққа қоныс аударады.

Құралай Сейсенбекқызы