Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін енді онлайн жаңартуға болады
Бұрын онлайн өтінім тек қолданыстағы құжат болғанда немесе куәлік жоғалған, ұрланған, не аты-жөні өзгерген жағдайда ғана қабылданатын.
Қазақстан азаматтары енді мерзімі аяқталған жүргізуші куәлігін қашықтан рәсімдей алады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді.
Бұрын онлайн өтінім тек қолданыстағы құжат болғанда немесе куәлік жоғалған, ұрланған, не аты-жөні өзгерген жағдайда ғана қабылданатын. Енді мерзімі өтіп кеткен куәлікті де интернет арқылы ауыстыру мүмкіндігі бар.
eGov.kz порталы арқылы рәсімдеу тәртібі:
Порталға кіріп, «Азаматтарға» → «Көлік және коммуникациялар» → «Автомобиль көлігі» бөліміне өтіңіз;
«Жүргізуші куәлігін алу» қызметін таңдаңыз;
Дайын құжатты алатын ХҚКО-ны белгілеңіз;
Фото жүктеп, қолтаңба үлгісін және байланыс нөмірін енгізіңіз;
Мемлекеттік бажды төлеңіз (1,25 АЕК);
Өтінімді ЭЦҚ немесе басқа қолжетімді тәсілмен растаңыз.
Егер бұрын төлем жасалған болса, «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады.
eGov Mobile арқылы:
Қосымшада «eGov Мемлекеттік қызметтер» → «Жүргізу және көлік» бөліміне кіріңіз;
«Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдаңыз;
Фото мен қолтаңба үлгісін енгізіңіз;
ХҚКО бөлімін көрсетіңіз;
1,25 АЕК көлеміндегі бажды төлеңіз;
Өтінімге қол қойыңыз.
Қызмет нәтижесі қалай беріледі?
Өтінімнің мәртебесі:
eGov.kz порталындағы Жеке кабинет → «Хабарламалар» бөлімінде;
eGov Mobile қосымшасындағы «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
Дайын құжатты таңдаған ХҚКО-дан жеке куәлігіңізді көрсетіп аласыз. Фото жүктеу кезінде белгіленген техникалық талаптарды сақтау міндетті.
Қызметтің толық сипаттамасы мен талаптары порталдағы қызмет паспортында жарияланған.