Елімізде

Министр Қазақстандағы су тасқынына кім кінәлі екенін айтты

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев әкімдіктер Қазгидрометтің болжамдарына назар аудармағанын және уақытында шаралар қабылдамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Оның айтуынша, желтоқсан айында өңірлер бойынша су басу қаупі бар учаскелер айқындалып, желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілген және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданған.

Айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның қар басқан аумағы 27%. Жазық аумақтағы өзендердің барлық бассейнінде ылғал қорының көлемі азайған. Осы орайда экология министрі сәуір айына болжам ұсынды.

1-10 сәуір аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Елдің көп бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп болады деп болжанып отыр.

Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында және екінші жартысында республиканың басым бөлігінде түнде жаңбыр және қар түседі, ал күндіз жаңбыр жауады. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында да жаңбыр болады.

Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында 3 және 10 сәуірде, Ұлытау, Қарағанды және Жамбыл облыстарында 8-9 сәуірде, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында 9 сәуірде қатты жауын-шашын түседі деп болжанып отыр.

Жауын-шашын елдің батысында бірінші онкүндіктің басында, республиканың көп бөлігінде онкүндіктің ортасында тоқтайды деп күтіліп отыр.