Министрлік: 3000 ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартылады

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылды интернетпен қамтамасыз ету жөнінде ірі инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәміле аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін, яғни жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын аяқталады. Ал елдің ең шалғай аймақтары 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік арналар арқылы желіге қосылады.
Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады – бюджеттен тыс қаражат. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болды.
Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуға тиіс.