
Әкімдіктер қоқыс шығару тарифтерін үш жылда кемінде бір рет қайта қарауға міндеттеледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрдің айтуынша, бұл салада бірқатар проблемалар бар, соның ішінде экономикалық тартымдылықтың төмендігі атап өтілді.
2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданғаннан бері әкімдіктер тарифтерді қайта қарап, мәслихаттарда бекітуі тиіс болған. Алайда, елдегі 211 аудан мен қаланың тек 155-інде ғана тарифтер қайта қаралған. Тарифтер әлі бекітілмеген аудандар мен қалалар саны көп өңірлер қатарында Павлодар (13 ауданның 3-еуі), Шығыс Қазақстан (11 ауданның 3-еуі) және Алматы (11 ауданның 3-еуі) облыстары бар.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифтері көбіне арнайы кәсіпорындардың нақты шығындарын жаппайды. Мысалы, Атырауда бекітілген тариф 379 теңге, ал әкімдік есептеген тариф 527 теңге болған. Бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы шешілмек. Яғни, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған экономикалық тұрғыдан негізделген шекті тариф бекітіледі. Қазіргі тариф пен экономикалық негізделген тариф арасындағы айырмашылық жеке серіктеске утилизациялық төлемдер есебінен өтеледі», – деді министр үкімет отырысында.
Әкімдіктерге тарифтердің шекті мөлшерін бекіту құқығын беру жоспарланып отыр. Бұл өзгерістерді қамтитын заң жобасы парламент қарауына енгізілді.
Мәселені жүйелі түрде шешу үшін Экология министрлігі Экологиялық кодекске өзгерістер әзірледі. Оған сәйкес, қоқыс шығару тарифтерін үш жылда кемінде бір рет қайта қарау міндеттеледі.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз