«Ол қасиет екінің бірінде болмайды екен-ау?!»: Белгілі журналист марқұм Бейсен Құранбекті еске алды
- авторМағжан Орынбасар
- 12 шілде, 2024
- 1.5k
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әлия Құдайбергенова марқұм Бейсен Құранбек 10 жылға жуық жүргізген «Айтуға оңай» бағдарламасының продюсері болған. Ол бұрынғы әріптесін еске алған жазбасында марқұмның адамдардың сөкеттігін көріп тұрса да сөкпейтінін, айтар сыны болса да пенденің абыройын төкпейтін асыл қасиетін жазған.
«Баяғыда Бейсен ағаны көп адам тойына, қуанышына, шығармашылық кешіне, түрлі тұсаукесер рәсімдеріне шақыратын еді ғой. Бәрі бірдей жоғары деңгейде өте бермейді, ол заңды да. Сонда ағаның мықтылығы сол, біреуін де соңынан сөз қылып, кекетіп-мұқатып, кемсітпейтін. Тыжырынбайтын. Өсектемейтін. Айтар сыны болса, кеңесі болса, ретін тауып, жанына тимей жеткізетін. Бастысы, ағаның жанашарлығы жүрекке жететін. Қандай жақсылық, қандай жүрек десеңші! Бейсен ағаның өзгелерден артықшылығы да сол еді, жанының көркемдігі де сол еді»,- деп тебірене еске алады продюсер.
Сондай-ақ, ол Бейсен Құранбектің бекзат болмысынан табылған адами қасиеттер елдік, ұлттық деңгейде ойлануға, халықтың сөзін сөйлеуге жетелейтінін алға тартқан.
«Өзіне қарата айтылған теріс пікір, құйтырқы сөзге мән де бермейтін, қатты көңілі қалғаны сол: “Жарайды енді, өзі білер де” дейтін, болды! Біреу қадірлеп жақсылығына шақырса, сәт өтпей жатып сыпсыңдағандарды көріп, жаның ауырады. Жаман ба, жақсы ма, адамның бәрі сенің деңгейіңде ойлануы, сенің биігіңде іс қылуы мүмкін емес қой. Жанашырлық деген бар! Ол қасиет екінің бірінде болмайды екен-ау?! Негізі елдік, ұлттық деңгейде ойлану дегенің, әуелі осындай тіршіліктегі адами іс-әрекеттен басталады,- деп жазды продюсер өз жазбасында.