Елімізде

Қорғаншылық органдарында жұмыс істейтін мамандардың саны көбейіп келеді – Динара Зәкиева

Екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Бүгін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы тапсырма аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Омбудсменнің айтуынша, осы уақыт ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, әсіресе зорлық-зомбылықтың алдын алу мен қорғанысты күшейтуге арналған қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Омбудсмен келтірген деректерге сүйенсек, соңғы 9 айда балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 18%-ға азайған.

Ағымдағы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайған. Соның ішінде, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген педофилия фактілері 24%-ға төмендеген.

Сондай-ақ, «Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптары бойынша қылмыстар тиісінше 22% және 50% азайған.

Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың төмендеуі – қабылданған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді. Бірақ әрбір статистика – бір баланың өмірі мен тағдыры.

Біздің басты мақсатымыз – осындай қылмыстардың болмауына бар күшімізді салып, әрбір баланы қорғау үшін күресу», – деді Динара Зәкиева.

Сонымен қатар балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, бірыңғай профилактикалық бағдарлама енгізілді. Нәтижесінде, кейінгі он жылда алғаш рет Алматы облысында жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткішінің айтарлықтай төмендеуі тіркелді.