Қосшыда көпқабатты үйден өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 17:53
- 45
Ақмола облысының Қосшы қаласында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, бір адам пәтерінде қалып қоя жаздады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқиға бүгін таңертең болған. Үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкеннің төбе жабындысынан өрт тұтанып, қою түтін қысқа уақытта кіреберіс пен пәтерлерге таралған.
Төтенше жағдай қызметі жеткенге дейін тұрғындар өз бетімен сыртқа шығып үлгерген. Атап айтқанда, үйден 9 адам, оның ішінде 4 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, өртті сөндіру жұмыстарын жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.
"Барлау және құтқару жұмысы барысында өрт сөндірушілер үшінші қабаттан демікпе ауруына шалдыққан ер адамды алып шықты. Құтқарылғаннан кейін ол жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды", – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.






