Отбасы банк салымшыларына жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы қашан берілетіні белгілі болды
Банк нақты күнді әлі жарияламағанымен, сыйақы ақпан айында есептеледі деп күтілуде.
Krisha.kz сайтының мәліметінше, Отбасы банкінің салымшылары 2025 жылға тиесілі мемлекеттік сыйақыны көктемге дейін алады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңға сәйкес, бұл төлемді аударудың соңғы күні – 1 наурыз. Банк нақты күнді әлі жарияламағанымен, сыйақы ақпан айында есептеледі деп күтілуде. Мемлекеттік бонус барлық салымшылардың шотына бір уақытта түседі.
2025 жылға арналған мемлекеттік сыйақының ең жоғары сомасы 157 280 теңгені құрайды. Бұл мөлшерге депозитін жыл бойы кемінде 200 АЕК-ке, яғни 786 400 теңгеге толықтырған азаматтар ие болады.
Ал 2026 жылы сыйақы көлемі артады. Себебі айлық есептік көрсеткіш 4325 теңгеге дейін өседі. Соның нәтижесінде ең жоғары мемлекеттік бонус шамамен 173 мың теңгеге жетеді. Бұл қаражат 2027 жылдың көктемінде, егер салым сомасы кемінде 865 мың теңгеге толықтырылған болса, есептеледі.
Айта кету керек, мемлекеттік сыйақы бұрын төленген сомаларға қайта есептелмейді. Сондай-ақ заң талаптарына сай, әр салымшы бұл сыйақыны тек бір ғана депозиті бойынша ала алады.