жұма, 5 желтоқсан, 2025 17:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент Қостанай облысының әкімін қабылдады

Президент Қостанай облысының әкімін қабылдады
Фото: Ақорда
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары.

Сондай-ақ, құны 337 миллиард теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы 3,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

"Маңызды жобалардың қатарында жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай іске қосылады. Бұл жаңадан 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүк автомобильдеріне жетекші белдем өндіретін "КамлитKZ" зауыты бар. Жобаның инвестиция көлемі – 160,5 миллиард теңге. Онда 550 жұмыс орны ашылмақ",- делінген Ақорда ақпаратында.

Мұнымен қоса, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

"Әлеуметтік салаға келетін болсақ, жыл басынан бері өңірде 22 әлеуметтік нысан іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 29 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша облыста су тарату және су бұру жүйелеріне қатысты 54 жоба іске асырылып жатыр. Қала халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 91,3 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылған".

Көлік инфрақұрылымы:

Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық;

1300 шақырым автожолға, соның ішінде 7 республикалық трассада құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр;

Жезқазған – Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын;

Қостанай – Мамлют жолы толық жаңарды;

Екатеринбург – Алматы бағытындағы Сарыкөлден Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасуда;

Елді мекендердің көшелері мен жолдарын жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Бюджеттен 103 ауылдағы 400-ден астам көшені жөндеуге 29 миллиард теңге бағытталды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Өз кезегінде, президент инвестиция көлемін одан әрі арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажеттілігіне назар аударды.

Сондай-ақ, жылыту маусымына әзірлікті уақтылы аяқтап, күзгі жиын-терін науқанын сапалы ұйымдастыруды, сондай-ақ ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар