Елімізде

Президентке Солтүстік Қазақстан облысының дамуы жөнінде есеп берілді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Президент Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовты қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді.

Ауыл шаруашылығы:

Майлы және жем-шөп дақылдарының егістік көлемі ұлғайған; 

Тұқым жаңарту деңгейі 11,2 пайызға жеткен, су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп жатыр;

«Кең Дала 2» бағдарламасы аясында шаруаларға 97 миллиард теңге бөлінген. Биыл мемлекеттік қолдау ауқымы былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артқан; 

Солтүстік Қазақстан облысы елімізде сүт өндірісі бойынша алғашқы үштікке кіреді, соның ішінде сүт өндіру кешендерінің саны жағынан көш бастап тұр.

Инвестиция:

Облыста жалпы сомасы 893 миллиард теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Тұрғын үй құрылысы:

Биыл 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 5 көпқабатты үй тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы да 11 нысанның құрылысы аяқталады;

Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін биыл 258 пәтер сатып алынады. 

Ұлттық жобалар:

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 600 орындық жаңа заманауи мектеп салынды. Сонымен қатар 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде;

Денсаулық сақтау саласында ауылдық жердегі 46 медициналық нысан жаңғыртылды. Өңірге медицина мамандарын тарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. 

Президент:

Жиын-терін науқанына дайындықтың, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңызына назар аударды;

Петропавлдағы 2-ЖЭС-ті жөндеу және жылумен, энергиямен қамтамасыз ету желілерін реконструкциялау жұмыстарын жылдам аяқтау қажет екенін ескертті.