Тоқаевтан награда алып, әбден жылаған ұстаз желі жұлдызына айналды (ВИДЕО)
Бейнежазба мұғалімді күтіп алу кезінде түсірілген
Президенттен награда алғаннан кейін жылаған ұстаз желі жұлдызына айналды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадағы ұстаз - ауыл балаларына ағылшын тілінен сабақ беретін Абибулла Жақұдаев екен.
Мұғалім кәсіби мерекесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан көптен күткен "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" наградасын алған.
Белгілі болғандай, өнегелі ұстаздың көз жасына ерік берген сәті Шымкент әуежайында жақындары мен әріптестер күтіп алған кезінде таспаланған екен. Желідегі жарияланымдарға көпшілік жылы райдағы пікір жазып, ұстаз еңбегін жоғары бағалаған.
Абубулла Жақұдаев 40 жылдан бері оқушыларға білім беріп келеді. Қазіргі уақытта ол Түркістан облысы Темірлан ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда ағылшын тілінен сабақ береді.
Айта кетейік, марапат алған мұғалімге 1000 АЕК (шамамен 3,7 млн теңге) мөлшерінде біржолғы қаржы беріледі.