Елімізде

Сарығашта отшашудан екі жасөспірім жарақат алды

Бұл ақпаратты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

Түркістан облысының Сарығаш ауданында пиротехникалық бұйымдарды қолдану салдарынан екі жасөспірім жарақат алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ведомство мәліметінше, балалар отшашуды ересектердің бақылауынсыз пайдаланған. Соның салдарынан олар әртүрлі деңгейде жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ, дәрігерлер тиісті көмек көрсетіп жатыр.

Осы жағдайға байланысты құтқарушылар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды балалар мен жасөспірімдердің қолдануына қатаң тыйым салынған. Отшашуды тек ересек адамдар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, арнайы рұқсат етілген орындарда ғана қолдануы тиіс. Қауіпсіздік ережелерін елемеу ауыр жарақаттарға немесе қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, отшашуды белгіленбеген жерде пайдаланған азаматтарға ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 78 640 теңге айыппұл салынып, пиротехникалық заттар тәркіленеді.