Елімізде

Сенат халықаралық шарттар мен келісімдер топтамасын ратификациялады

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс-шарада күн тәртібіне шығарылған бірқатар заң қаралып, депутаттық сауалдар жарияланды.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау саяси диалогты одан әрі дамытуға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды арттыруға және екі мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Шарт қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруды, әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту арқылы өңірлік қауіпсіздікті нығайту көздейді. Сауда-экономикалық және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасау да назарға алынған. Орталық Азия елдерінің мүдделер теңгерімі негізінде су ресурстарын тиімді пайдалану да басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

Сонымен қатар отырыста аталып өткендей, «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда құқықтық ынтымақтастыққа, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға және өзге де салаларға ерекше назар аударылған. Нақты айтқанда, британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, студенттер мен оқытушылар алмасуды кеңейту, экология, «жасыл» экономика және климаттың өзгеруіне бейімделу бағыттарындағы серіктестікті дамыту тетіктері көзделген.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Сүйіндік Алдашев «Қорғас» шекара маңы кластерінің жұмысындағы мәселелерге назар аударып, оларды шешуге арналған бірқатар бастама ұсынды. Бұл шаралар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Қазақстанның өңірдегі негізгі логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған.

Амангелді Есбай көру қабілеті әлсіз балаларға арналған білім беру жүйесін бейімдеу мәселесін көтеріп, бірыңғай стандарттар енгізуді, мектептерді арнайы материалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ ол көру жүктемесін бақылауды күшейту және тифлопедагогтар, психологтар, дефектологтар сияқты бейінді мамандар даярлау қажет екеніне тоқталды.

Бибігүл Жексенбай Үкіметті цифрлық қызметтер арқылы такси және жеткізу салаларында еңбек ететін жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге шақырды. Осы мақсатпен платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеудің жүйелі заңнамалық және әкімшілік шараларын енгізуді ұсынды.