Елімізде

Сенат Құрылыс кодексінің жекелеген баптарын мақұлдамай Мәжіліске қайтарды

Сонымен бірге сенатордың атап өтуінше, сел, көшкін және қар көшкіні қаупі мен тәуекелдері карталарын қолдануға бағытталған ережелердің 2030 жылға дейін қолданылуын тоқтата тұруды көздейтін норманы нақтылау ұсынылады.

Сенат Құрылыс кодексінің және ілеспе құжаттың жекелеген баптарын мақұлдамай жаңа нормалармен толықтыру арқылы Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
— Құрылыс кодексі — Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға, адам мекендейтін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің өмірлік циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Сенатта Кодексті қарау барысында тұрақты комитеттер тарапынан қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру бөлігінде бірқатар өзгеріс пен толықтырулар енгізді, — деді сенатор Сүйіндік Алдашев.

Оның атап өтуінше, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның құзыретінен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстардың бас сәулетшілерін тағайындауды келісу жөніндегі норма, Жер кодексіне сәйкестендіру мақсатында аудандар әкімдіктерінің құзыретінен жер учаскелерін беру құқығы алып тасталады.

— Құрылыс объектілері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін ұйымдастыру мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілері үшін міндетті болып табылатын «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптауды ұйымдастыруға арналған порталда жүзеге асырылады. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы аумағында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу мен пайдалануды қаржыландыру жөніндегі пайдаланушының міндетін алып тастауды көздейтін өзгеріс енгізіледі. Бұған қоса, мердігердің (бас мердігердің) меншік иесімен тең дәрежеде құрылыс объектісін пайдаланудан кейінгі кезеңге (бұзуға) қатысты шешім қабылдау құқығын көздейтін норма алынып тасталады, өйткені мердігердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер қабылдауға заңды негіздері жоқ, — деді ол.

Сонымен бірге сенатордың атап өтуінше, сел, көшкін және қар көшкіні қаупі мен тәуекелдері карталарын қолдануға бағытталған ережелердің 2030 жылға дейін қолданылуын тоқтата тұруды көздейтін норманы нақтылау ұсынылады. Ал ілеспе заңның мақсаты — Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін Құрылыс кодексіне сәйкестендіру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер, санитарлық-қорғау аймақтары және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін реттеу және тағы басқалары.

— Заңды қарау барысында да қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде адал емес құрылыс салушылар тізілімін іске асыру тетігін жан-жақты пысықтау мақсатында аталған нормалардың қолданылуын 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру ұсынылады. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңының 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Сенатының отырысының қарауына Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексін және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын енгізе отырып, Құрылыс кодексінің және Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және Кодекс пен Заңды аталған баптардың жаңа редакциясын ұсыну арқылы Мәжіліске қайтаруды ұсынады, — деді сенатор.