«Шала құрылысты тоқтатыңыздар». Жамбыл облысында салынып жатқан жайлы мектептерге қатысты бірқатар сын айтылды
Аудандарда салынып жатқан білім ордалары орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмайды
Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайрат Шотбақов өңірде "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынып жатқан нысандардың сыртқы инфроқұрылымы ақсап тұрғанын айтты. Шала жұмысты сынға алған кеңес мүшесі жобаның ақшасын су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберуді ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында бірқатар өзекті мәселе қаралды. Соның бірі - «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектепрдің жайын тыңдаған кеңес мүшелері жүргізіліп жатқан жұмыстағы бірқатар кемшілікті баяндамашыға ескертіп тұрып айтты. Қайрат Шотбақовтың сөзінше, сәулеті келіскен нысандар сыртқы инфроқұрылымнан жұрдай.
«Жайлы мектеп» шынымен де заманауи мектеп. Бірақ, сыртқы инфроқұрылымы жоқ. Ол қалай жұмыс істейді сонда? Өздеріңіз осы сұрақ жайлы ойландыңыздар ма? Бұл мектеп қымбат жабдықпен жабдықталған. Бірақ, дәрігері жоқ аурухана секілді, оны қолданатын адам жоқ. Сол қалпы тұрады. Сондықтан, ақша текке кетіп жатыр деуге болады. Бұлай істегенше, ол ақшаны суға батқан жаққа беріңіздер. Шала құрылысты тоқтатыңыздар",- деді Қайрат Шотбақов.
Ал, қоғамдық кеңес мүшесі Дамир Ташқараев жайлы мектептердің кәріз жүйесіне қосу мәселесін сұрады. «Самұрық-Қазына Construction» АҚ Жамбыл облысы бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұратбековтың айтуынша, орталықтандырылған кәріз жүйесі бар аумақтағы жайлы мектептер ғана жүйеге қосылады. Ал, аудандардағы білім нысандары септик арқылы жұмыс істейді. Мыңдаған бала оқитын мекеменің септикке қосылуы ақылға қонымсыз деген кеңес мүшесінің сөзіне Қанат Мұратбеков бұл мәселе үшін жергілікті атқарушы орган айналысуы керектігін айтты. Осы орайда Дамир Ташқараев өз ұсынысын айтты.