Шетелдік БАҚ Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсетудің тәжірибесімен танысты
Қонақтар құжаттандыру терминалдарына да назар аударды
Digital Bridge 2025 халықаралық IT-форумы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алыс-жақын шетелдік журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды. Астаналық халыққа қызмет көрсету орталығында қонақтар мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерттеп, енгізіліп жатқан цифрлық шешімдерді бағалады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қонақтарға қызмет көрсету бөлімінің жұмысы туралы жан-жақты ақпарат беріліп, қызмет көрсетуде қолданылып жатқан заманауи шешімдер таныстырылды.
Журналистерге «ЦОН» мобильді қосымшасы және «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процестері көрсетілді. Осылайша, шетелдік қонақтар жоғары деңгейдегі автоматтандыруды, интерфейстердің ыңғайлылығын және қызметтерді алу жылдамдығын атап өтті.
«Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды түрде көрсетіледі. Бұл – еліміздің цифрлық трансформациядағы маңызды жетістігі. Ол қабылданған шаралардың тиімділігін дәлелдеп, Қазақстандағы цифрландырудың тұрақты дамуын көрсетеді. Біз алдағы уақытта да жаңа технологияларды енгізіп, қызмет көрсету үдерістерін жетілдіре береміз. Негізгі мақсатымыз – халыққа заманауи талаптарға толық сай қызмет ұсыну», – деп атап өтті Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы.
Сонымен қатар, мобильді қосымшаның бейнеқоңырау арқылы кеңес алу, әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған онлайн-калькулятор, автокөлік тарихын тексеру және көлікті сатып алу-сату шартын тікелей смартфоннан рәсімдеу сияқты инновациялық сервистері ерекше қызығушылық тудырды.
Қонақтар құжаттандыру терминалдарына да назар аударды. Олардың көмегімен азаматтар бірнеше минут ішінде паспорт немесе жеке куәлікке өтініш бере алады.