Шымкент пен Таразда жер сілкінісі тіркелді
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық зерттеу институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2025 жылдың 6 желтоқсанында, Астана уақытымен 02:04-те жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ресми мәлімет бойынша, зілзаланың ошағы Өзбекстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 565 шақырым жерде орналасқан.
Жер сілкінісінің аздаған дүмпулері Қазақстанның оңтүстігіндегі кейбір қалаларда сезілген. Атап айтқанда, Тараз және Шымкент тұрғындары 2 балл шамасындағы тербелісті байқалғанын хабарлаған.
Қазіргі таңда жер сілкінісінен зардап шеккендер мен инфрақұрылымға келген шығын туралы ақпарат тіркелген жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.