Әскери оркестр елордалықтарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:34
- 63
Астанада Отан қорғаушы күніне орай Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің шығармашылық ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік шара Хан Шатыр сауда ойын-сауық орталығы маңында бастау алды. Әскери оркестр салтанатты маршпен жүріп өтіп, Қазақ радиосы көшесі бағытындағы алаңға дейін танымал әуендерді орындады. Музыкалық шеру қала тұрғындарының назарын аударып, мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Әскери музыканттар Н. Тілендиевтің шығармаларын, «Алматы» (В. Парпибаев), «Амангелді» және «Қазақ маршы» (Н. Самохвалов), «Сарбаздар» (Н. Қошқаров), «Дикси» (Л. Гурьянов) және қазақ әндерінен құралған попурриді орындады.
– Бүгін Орталық әскери оркестр бірнеше көпшілік орында өнер көрсетті. Халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тыныш, шекарамыз берік, аспанымыз ашық болсын, – деді Орталық әскери оркестрдің аға дирижері майор Нұрлан Қошқаров.
Көрермендер әскери оркестрдің өнерін ерекше ықыласпен қабылдады.
– Түркістаннан қыдырып келдік. Осындай әскери оркестрдің өнерін алғаш рет көруім. Әсіресе маршпен жүріп келе жатып орындаған әуендері қатты әсер етті. Мерекелік көңіл-күй сыйлаған әскерилерге алғыс айтамын, – деді қала қонағы Қыздаркүл Абдулатип.
Әскери оркестрдің мұндай музыкалық шерулері Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың игі дәстүріне айналып, ел ішіндегі патриоттық рухты нығайтуға үлес қосып келеді.




