Әскери оркестр елордалықтарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Астанада Отан қорғаушы күніне орай Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің шығармашылық ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік шара Хан Шатыр сауда ойын-сауық орталығы маңында бастау алды. Әскери оркестр салтанатты маршпен жүріп өтіп, Қазақ радиосы көшесі бағытындағы алаңға дейін танымал әуендерді орындады. Музыкалық шеру қала тұрғындарының назарын аударып, мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Әскери музыканттар Н. Тілендиевтің шығармаларын, «Алматы» (В. Парпибаев), «Амангелді» және «Қазақ маршы» (Н. Самохвалов), «Сарбаздар» (Н. Қошқаров), «Дикси» (Л. Гурьянов) және қазақ әндерінен құралған попурриді орындады.
Көрермендер әскери оркестрдің өнерін ерекше ықыласпен қабылдады.
Әскери оркестрдің мұндай музыкалық шерулері Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың игі дәстүріне айналып, ел ішіндегі патриоттық рухты нығайтуға үлес қосып келеді.