Елімізде

Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі су қоймаларын су тасқыны кезеңіне дайындау аяқталды

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында «Қазсушар» РМК-ның Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы Сергеев және Петропавл гидротораптарында жоспарланған жөндеу жұмыстарын толық аяқтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Екі нысанда да жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.

Биыл Сергеев және Петропавл гидротораптарындағы жөндеу жұмыстары аясында 7 іс-шараны орындау жоспарланған. Екі нысан да Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарландыру жүйесімен біріктірілген жергілікті ескерту жүйелерімен жабдықталған.

Сергеев гидроторабы Есіл өзенінің ағынын реттейтін негізгі нысан және Петропавл гидроторабымен каскадта жұмыс істейді. Бұл екі нысан Солтүстік Қазақстан облысын, сондай-ақ Қостанай және Ақмола облыстарын ішінара сумен қамтамасыз ететін бірыңғай су шаруашылығы кешенін құрайды.