Түркістан облысында мақта жинау науқаны аяқталуға жақын
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 142,3 мың гектар алқаптан мақта теріліп, жалпы егіс көлемінің 98,5%-ы жиналды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері гектарынан орта есеппен 24,9 центнер өнім алып, барлығы 422 мың тонна шитті мақта жинады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биыл мақта егуге 144,5 мың гектар жер бөлініп, оның 50 мың гектары тамшылатып суару жүйесімен қамтылды. Су үнемдеу технологияларының көбеюі «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасының нәтижесі болып отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда дәстүрлі тәсілмен егілетін алқаптар 9 мың гектарға қысқарды. Тамшылатып суару жүйесіне көшу су ресурстарын үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Бұл – ауыл шаруашылығы дамыған оңтүстік өңір үшін маңызды қадам.
Мемлекет тарапынан мақта саласына кешенді қолдау көрсетілуде: тұқым, тыңайтқыш, пестицид және суару шығындары субсидияланады. Мақта — тұқымдары 100% субсидияланатын жалғыз дақыл. Сонымен қатар шаруалар көктемгі егіс пен жинау жұмыстарына жеңілдетілген дизель отынын алады және «Кең дала 2», «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары арқылы жылдық 5% мөлшерлемемен несие рәсімдей алады.
Мақта шаруашылықтарының мәселелерін шешу үшін 2025 жылдың қыркүйегінен бастап облыс әкімдігі жанында қоғамдық өкілдер мен өңдеуші кәсіпорындар қатысатын мобильді жұмыс тобы құрылды.
Биыл өңдеуші кәсіпорындар әр тонна мақта үшін 200 мың теңге мөлшерінде алдын ала төлем жасап, сапасына қарай соңғы бағасын 250 мың теңгеге дейін белгілейді.
Жыл сайын Қазақстанда 300 мың тоннадан астам шитті мақта өндіріліп, одан 70–75 мың тонна мақта талшығы алынады. Өнімнің 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және басқа елдерге экспортталады, қалған 15%-ы ел ішінде өңделеді.
Сыртқы тәуелділікті азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мақтаны терең өңдеу және тоқыма өнеркәсібін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Түркістан облысында мақта өндірісін және тоқыма кластерін дамыту бойынша арнайы Жол картасы жүзеге асырылуда. Жоба мақта өсіруден бастап дайын мата өндіруге дейінгі толық циклды қамтиды.
Бұл бағыттағы негізгі бастама — «Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» жобасы. Оны «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бірлесіп іске асыруда.
Инвестициялық жобаның жалпы құны — 146,8 млрд теңге.