Түркістанда диқандарға су жеткізу үшін «Машканал» механикалық тазартудан өтуде
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Диқандарды қосымша суармалы сумен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы «Машиналық әдіспен су көтеру каналын» механикалық тазартуды бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жұмыстарға жергілікті филиалдың техникалары жұмылдырылып, Сырдария өзенінен ГНС-1 сорғы станциясына су жеткізетін каналдың 2,6 шақырымы тазартылып жатыр.
Тазарту жұмыстары шілденің 25-іне дейін толығымен аяқталады деп күтіліп отыр. Нәтижесінде сорғы станциясы қалыпты жұмыс істеп, «Достық» каналына қосымша секундына 10 текше метр су жіберіледі.
Сонымен қатар каналды тазарту «Достық» мемлекетаралық каналының төменгі бөлігіндегі шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартып, «Қазсушардың» Түркістан филиалына қарасты каналдарындағы су деңгейінің көтерілуіне септігін тигізеді.
Қазақстанның оңтүстігінде суару кезеңі 20 күнге ерте басталғанын еске сала кетейік. Мұның себебі - жоғары температура мен жауын-шашынның болмауы.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында суармалы су каналдар арқылы кезекпен беріліп жатыр. Бүгінгі таңда өңірде ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін су алу көлемі - 2,82 млрд текше метр.