Түркістанда жекеге заңсыз өтіп кеткен 13 млрд теңгенің су арнасы мемлекет меншігіне қайтарылды
Су арнасының жалпы ұзындығы - 13,9 шақырым
Астана қаласы апелляциялық сот алқасының қаулысымен Түркістан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мемлекеттік мүлікті өтеусіз беру туралы шартты жарамсыз деп тану туралы шағымы қанағаттандырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Прокуратура дерегінше, «Қазсушар» Түркістан филиалы 26.06.2023ж. №1 шартпен ұзындығы 13,9 км, құны 13 млрд теңге болатын "Тәуелсіздікке 20 жыл" атындағы су жинау арнасын «СК Парасат» ЖШС-не өтеусіз берген. Прокурорлардың араласуына аталған каналдан ағын су алатын Жетісай және Мақтаарал аудандары кәсіпкер-шаруа қожалықтарының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы негіз болған.